Самат Смақов «Ордабасыға» қарсы матчтағы әрекеті үшін төрт ойынға дисквалификацияланды
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті Премьер-лиганың 5-туры аясында өткен «Ордабасы» — «Жетісу» матчында орын алған оқиғаға байланысты шешім шығарды. Аталған ойында талдықорғандық команданың бас бапкері Самат Смақов техникалық аймақтан аластатылған болатын.
Жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, тәртіптік орган мынадай шешім қабылдады: «Ордабасы» — «Жетісу» матчында ресми тұлғаға қатысты балағат сөздер қолдану арқылы көрініс тапқан әдепсіз әрекеті үшін, «Жетісу» командасының бас бапкері Смақов Саматқа қатысты ДР-дың 45-бабы, 1-тармағы, 1-тармақшасына сәйкес 4 (төрт) ойынға дисквалификация белгіленсін. Дисквалификация мерзімі 2025 жылдың 20 сәуірінен бастап есептеледі».
Осылайша, Самат Смақов келесі матчтарға қатыспайды:
• 26 сәуір. «Жетісу» — «Елімай»
• 3 мамыр. «Тұран» — «Жетісу»
• 11 мамыр. «Жетісу» — «Оқжетпес»
• 17 мамыр. «Атырау» — «Жетісу»
Смақов екінші таймның соңында төрешілерге бағытталған эмоциялық сөздері үшін алаң шетіне шығарылған еді. Ойыннан кейін бас бапкер төрешілер жұмысына қатты сын айтты. Бұл жағдай қоғам назарын аударып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды.