Ұшақтан – автобусқа: «Қызылжардың» қаржылық тығырығы
Sports24.kz мәліметінше, қазіргі таңда «Қызылжар» футбол клубы қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Спорттық биіктерге ұмтылудың артында команда жұмысына барынша кері әсерін тигізіп жатқан күрделі қаржылық мәселелер жасырын тұр.
Ойыншылар мен клуб қызметкерлері маусым басталғалы алты айлықтың үшеуін ғана алды. Ал матчтарға қатысқаны үшін берілетін сыйақылар мүлде төленбеген. Бұл жағдай командадағы моральдық ахуалға әсер етсе де, әзірге футболшылардың алаңдағы жанкештілігіне кері әсерін тигізген жоқ.
Қаржылық қиындықтар клубтың серіктестерін де қамтыды. Бүгінде «Қызылжар» қонақ үйлерге, әуебилеттеріне, азық-түлік пен жабдықтау қызметін көрсететін компанияларға да қарыз болып отыр.
Сондай-ақ, клубтың сырт алаңдағы ойындарға баруы да қиынға соғып тұр. Ұшақ билеттері үшін қарыздардың салдарынан команда жиі автобуспен жолға шығуға мәжбүр. Мұндай алты-жеті сағаттық сапарлар тығыз күнтізбелік жағдайда ойыншылардың қалпына келуіне және дайындық сапасына кері әсерін тигізеді.
Көптеген қиындықтарға қарамастан, клуб ел чемпионаты мен Қазақстан Кубогында күресін жалғастырып келеді. Футболшылар өз жанкүйерлеріне деген адалдықтарын көрсетіп жатыр. Алайда қаржылық мәселелер жедел шешілмесе, одан да ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Sports24.kz Петропавл клубының Еуропа клубтарында ойнаған тәжірибелі нигериялық футболшымен келісімшарт жасағанын хабарлаған болатын.