Сенсациялық жеңіліс: «МЮ» лига кубогынан шығып, тарихи антирекорд орнатты
«Манчестер Юнайтед» ағылшын лига кубогының 1/32 финалында жарыстан шығып қалды. «МЮ» «Гринсби Таунға» пенальти сериясында жол берді (2:2, 11:12).
Манкуниандықтар тек жарысты ерте аяқтап қана қоймай, өз тарихындағы антирекордты да орнатты деп хабарлайды Squawka. «МЮ» Лига кубогында алғаш рет төртінші дивизион өкілінен ұтылды.
Сондай-ақ, манкуниандықтар «үлкен алтылық» командаларының ішінде жарыстан бірінші болып шығып қалды. Қалған бес клуб әлі Лига кубогында ойындарын бастамаған.
«МЮ» бұл маусымда әзірге бірде-бір жеңіске жете алмады. Ағылшын Премьер-лигасында «Юнайтед» «Арсеналға» (0:1) есе жіберіп, «Фулхэммен» (1:1) тең түскен. Келесі матч манкуниандықтар үшін 30 тамызда өз алаңында «Бернлиге» қарсы өтеді.