Щебетун – «Астана» туралы: Камара мен Томасов қауіпті, бірақ бастысы – бұл командалық ойын
Молдованың «Зимбру» клубының шабуылшысы Алексей Щебетун Sports24.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Астана» сапынан қай ойыншыларға ерекше назар аудару керектігін айтты.
– «Астананың» мықты жағы – бұл сөзсіз флангтер. Әсіресе, жылдам әрі техникалық жағынан мықты Камараны және Қазақстан чемпионатында өзінің деңгейін бірнеше жылдан бері дәлелдеп келе жатқан тәжірибелі Марин Томасовты атап өтуге болады. Дегенмен, тек қана флангтерге баса назар аудара беруге болмайды – бұл команданың басты күші – үйлесімді ұжымдық ойында, – деді Щебетун.
Еске сала кетейік, «Астана» Конференциялар лигасында бірінші кезеңді айналып өтіп, жарысқа екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Григорий Бабаян шәкірттерінің қарсыласы дәл осы «Зимбру» болмақ. Алғашқы матч 24 шілде күні Кишиневте өтеді, ал қарымта кездесу 31 шілдеде «Астана Аренада» ойналады.
Қазақстан Премьер-лигасында 13 турдан кейін «Астана» 30 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында келеді. Ал Молдова чемпионатында «Зимбру» көшбасшыдан небәрі бір ұпайға қалып, үшінші орында тұр. Бұл да команданың еурокубоктар қарсаңында жақсы формада екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, басқа да қазақстандық клубтар еурокубоктық бәсекелерге қатысады: «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеуінде Словенияның «Олимпия» клубымен кездеседі; «Ақтөбе» Еуропа лигасында Польшаның «Легия» командасымен ойнайды; «Ордабасы» Конференциялар лигасында Грузияның Кутаисиден келген «Торпедоға» қарсы тұрады.