Реал Мадрид скауттарына орындалмас тапсырма жүктелді
"Реал" скауттары Лука Модричтің орнын басатын жартылай қорғаушыны іздеуді жалғастырып жатыр. Хорватиялық ойыншы әлі де команданың маңызды бөлігі болғанымен, клуб оның кетуіне алдын ала дайындалуда. Биыл 39 жастағы футболшы 2000 минуттан астам алаңда ойнап, 4 гол соғып, 7 нәтижелі пас берді.
Жасына қарамастан, Модрич мансабын аяқтауды жоспарламайды және "Реалмен" келісімшартын тағы бір жылға ұзартқысы келеді. Оның басты мақсаты – 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін жоғары деңгейде ойнау. Клуб оның болашағына қатысты шешімді мамыр айында қабылдайды.
Мадридтіктер хорваттың орнын басатын ойыншы ретінде Арда Гүлерге сенім артқан еді, алайда түрік жартылай қорғаушысы шабуылға көбірек бағытталған. Енді "Реал" ойын өрнегі Модричке ұқсайтын, ойынды оқи алатын, тәртіпті және темпті бақылау қабілеті бар футболшыны қарастыруда.
Сонымен қатар, клуб жазғы трансферлер бойынша жұмыс істеп жатыр. Басты нысаналардың бірі – Трент Александер-Арнольд. Одан бөлек, "Реал" орталық қорғаушы іздеуде. Тізімдегі негізгі кандидаттардың бірі – "Арсеналмен" 2027 жылға дейін келісімшарты бар Вильям Салиба, бірақ ол келісімін ұзартуға ниетті емес.
Алдын: Хамес Родригес мансабының шарықтау шегінде Зинедин Зидан, Лука Модрич және Тони Кроостан да жоғары деңгейде болғанын айтты деп хабарлаған едік