Ракитич футбол мансабын аяқтады ма?
«Барселона» мен «Севилья» клубтарының бұрынғы ойыншысы, 2018 жылғы әлем чемпионатының финалисі, Хорватия құрамасының мүшесі Иван Ракитич футболшы ретіндегі мансабын аяқтады. Бұл туралы 2 шілде күні «Хайдук» клубының бапкері Гонсало Гарсия мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ракитичтің клубпен келісімшарты 1 шілдеде аяқталған, және ол енді алаңға шықпай, әкімшілік қызметке ауысу туралы шешім қабылдаған.
Бапкердің сөзінше, мұндай шешімге Ракитичтің «аналитикалық қабілеті мен ойынға деген көзқарасы» әсер еткен – бұл алаңнан басқару саласына ауысуға таптырмас қасиеттер.
Ракитич енді «Хайдукта» спорт директорының көмекшісі ретінде жұмыс істейді, Горан Вучевичтің командасына қосылады деп хабарланды.
Өз кезегінде Ракитич бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін, мамыр айында да Ракитичтің мансабын аяқтайтыны жөнінде ақпарат тараған. «Риекаға» қарсы соңғы үй ойынында ол екінші таймда алмастырылып, алаңнан кетерде көз жасын тыя алмай, жанкүйерлермен қимай қоштасқан болатын. Финалдық ысқырықтан кейін жалғыз өзі орнында отырып қалған. Дегенмен, сол күні-ақ Ракитич бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Әзірге ешқандай шешім қабылдаған жоқпын, аяқ киімді шегеге ілмей тұрып, әлі де атқаратын жұмыс бар» деген болатын.
Өткен маусымда Ракитич «Хайдук» сапында 39 ойын өткізіп, 2 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген.
Иван Ракитич «Барселонамен» 2014/15 Чемпиондар лигасының жеңімпазы, сонымен қатар төрт рет Испания чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды. Ол 2014 жылдан 2020 жылға дейін «блаугранас» сапында ойнаған. Ұлттық құрама сапында 100-ден астам матч өткізіп, 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.