Пәтер бағасындай клуб». «Шахтерді» неге 50 млн теңгеге сатып жатыр?
Қарағандының атақты «Шахтері» тарихындағы ең ауыр маусымдардың бірінен кейін ресми түрде сатылымға шығарылмақ. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев брифинг барысында клубтың қараша айының соңында аукционға қойылатынын мәлімдеді. Бастапқы баға - бар болғаны 50 миллион теңге.
Әкімнің айтуынша, мұндай төмен бағасының себебі қарапайым: клубтың активтері жоқтың қасы.
«Біз клубты 50 миллион теңгеден сәл асатын сомаға шығарып отырмыз. Шын мәнінде, клубта ештеңе жоқ - тек қалам мен қағаз ғана. Барлық инфрақұрылым - коммуналдық, облыстың меншігінде», - деді Бөлекпаев.
Клубты сатып алуға басты үміткер - Freedom Holding басшысы Тимур Турлов. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Шахтерді» кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беруді ұсынған болатын.
Журналистер «Шахтердің» соңғы жылдардағы нәтижелерін ескерсек, клубты сатып алудан Турлов қандай пайда көре алады?» деп сұрағанда, әкім былай жауап берді:
«Біз оны меценат ретінде көреміз».
2025 жылғы маусым «Шахтер» үшін ауыр өтті: команда Бірінші лига жарысын төртінші орынмен аяқтап, Премьер-лигаға қайта оралу мүмкіндігін пайдалана алмады.