«ПСЖ» — финалда, ал жанкүйерлер — бөлімшеде: Париж көшелері эмоцияларға төтеп бере алмай қалды
Париж полициясы Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Пари Сен-Жермен» клубының Лондонның «Арсеналына» қарсы жеңісінен кейін қалада орын алған тәртіпсіздіктерге байланысты 43 адамды ұстады.
Матч француз командасының жеңісімен аяқталып, «ПСЖ»-ға турнирдің финалына жолдама әперді. Финалда париждіктер «Интермен» кездеседі.
Финалдық ысқырықтан кейін «ПСЖ» жанкүйерлері өз командаларының жетістігін тойлау үшін ел астанасының көшелеріне шықты. Алайда мерекелік көңіл-күй көп ұзамай тәртіпсіздікке ұласты. Париж полициясының басшысы Лоран Нуньестің айтуынша, агрессивті ниеттегі шағын топтар құқық қорғау органдарына шабуыл жасап, қалада бүліншілік тудырған.
Сол уақытта Елисей алаңына жақын жерде ауыр жол-көлік оқиғасы болды — көлік үш адамды қағып кетті. Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«ПСЖ» үшін бұл — клуб тарихындағы Чемпиондар лигасы финалына екінші рет шығуы. Финалға дейін париждік ұжым үш бірдей ағылшын клубын — «Ливерпульді», «Астон Вилланы» және енді «Арсеналды» жарыс жолынан шығарды.
31 мамырдан 1 маусымға қараған түні өтетін финалға дейін «ПСЖ» Лига 1-дегі бірнеше ойынға және Франция кубогының финалындағы «Реймсқа» қарсы кездесуге қатысады.