ПСЖ мен «Интер» 2024/25 маусымдағы Чемпиондар Лигасының чемпионы атану үшін таласады
2024/25 жылғы маусымдағы УЕФА Чемпиондар лигасының финалы 31 мамыр күні Мюнхендегі «Альянц Арена» стадионында өтеді. Еуропаның ең беделді клубтық жарысының шешуші матчында Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы мен Италияның «Интер» командасы кездеседі.
ПСЖ жолы:
Париждіктер турнирдің топтық кезеңінде 8 матчта 13 ұпай жинады. Олар «Жирона» (1:0), «Зальцбург» (3:0), «Манчестер Сити» (4:2) және «Штутгартты» (4:1) жеңді. ПСВ-мен (1:1) тең түсіп, «Арсенал» (0:2), «Атлетико» (1:2) және «Бавариядан» (0:1) жеңілді. Бұл нәтижелер бойынша ПСЖ жалпы рейтингте 15-орыннан көрінді.
1/16 финалда Луис Энрикенің командасы «Брестті» екі матчтың қорытындысы бойынша 10:0 есебімен тас-талқан етті. 1/8 финалда «Ливерпульмен» өткен шиеленісті дуэльде екі матч тең аяқталып (1:1), пенальти сериясында ПСЖ 4:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда «Астон Вилланы» 5:4 есебімен, ал жартылай финалда «Арсеналды» екі кездесудің нәтижесінде 3:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
«Интер» жолы:
Миландықтар топтық кезеңді сенімді өткізіп, 19 ұпай жинады. «Интер» «Црвена Звезда» (4:0), «Янг Бойз» (1:0), «Арсенал» (1:0), «РБ Лейпциг» (1:0), «Спарта» (1:0) командаларын жеңіп, соңғы турда өз алаңында ірі есеппен (3:0) тағы бір жеңіске жетті. «Манчестер Ситимен» (0:0) тең түсіп, тек «Байерден» (0:1) ұтылды. Нәтижесінде олар жалпы рейтингте 4-орынға тұрақтады.
1/8 финалда Симоне Индзагидің шәкірттері «Фейеноордты» 4:1 есебімен сенімді түрде ұтты. Ширек финалда мюнхендік «Бавариямен» болған қиын матчтар сериясын 4:3 есебімен өз пайдасына шешті. Ал жартылай финалда «Барселонамен» өткен тартысты екі матчтың нәтижесінде 7:6 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.
Чемпиондар лигасының финалы 31 мамырда Мюнхенде өтеді. Бұл – турнир тарихындағы 70-ші шешуші матч және «Чемпиондар лигасы» атауымен өтетін 33-ші финал болмақ.