Покатилов «Сабахқа» Чемпиондар лигасында ерекше рекорд орнатуға көмектесті
Әзербайжандық «Сабах» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчын өткізіп жатыр және дебюттік кездесуінде-ақ ерекше рекорд орнатып үлгерді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Манчестер Юнайтедке» қарсы кездесуде «Сабахтың» негізгі құрамына бірден 11 түрлі елдің футболшысы шықты. БАҚ мәліметінше, бұған дейін Чемпиондар лигасының тарихында бір матчты осыншама түрлі ұлт өкілінен құралған негізгі құраммен бастаған команда болмаған.
Тарихи құрамның бір мүшесі – қазақстандық қақпашы Стас Покатилов. Ол «Олд Траффордтағы» кездесуді алғашқы минуттан бастап, «Сабахтың» басты еурокубоктағы дебютіне қатысты.
«Сабах» үшін биылғы Чемпиондар лигасының өзі тарихи маңызға ие. Небәрі тоғыз жыл бұрын құрылған клуб алғаш рет турнирдің жалпы кезеңіне жолдама алды. Осылайша, «Сабах» Чемпиондар лигасының бұл кезеңіне жеткен ең жас клуб атанды. Әзербайжандық команда жолдаманы Беэр-Шеваның «Хапоэлімен» өткен тартысты текетірестен кейін иеленді.
Алғашқы турда «Сабахтың» қарсыласы «Манчестер Юнайтед» болды. Бірінші таймда ағылшын клубы есеп ашты – Матеус Кунья мергендігімен көзге түсті.
Материал жарияланған сәтте «Манчестер Юнайтед» 3:0 есебімен алда келеді. Матчтың тікелей трансляциясы.
Покатилов үшін бұл кештің орны бөлек. Қазақстандық қақпашы Чемпиондар лигасында «Олд Траффордта» өнер көрсетіп қана қоймай, турнир тарихына енген «Сабахтың» ерекше құрамының бір бөлігі атанды.