«Ол, бәлкім, клубтар арасындағы әлем чемпионатын теледидардан көріп отыр». Агуэро Роналдуды сөзбен түйреп өтті
«Барселонаның» және Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Серхио Агуэро танымал стример IShowSpeed-пен сұқбат барысында Криштиану Роналдудың клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатыспайтынын еске салды.
Стример әдеттегідей португалиялық шабуылшыға жанкүйерлік танытып, оны таңдағанын жеткізді. Агуэро өз кезегінде бұл таңдауын құрметтейтінін айтып, алайда өзі Лионель Мессиді қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, Роналду бұл турнирге қатыспайтынын ескертіп, күлімсіреп:
«Ол, бәлкім, клубтар арасындағы әлем чемпионатын теледидардан көріп отыр», – деп жауап қатты.
Айта кетейік, Месси қазіргі таңда «Интер Майами» сапында клубтық мундиальда өнер көрсетіп жатыр. 15 маусымда өткен ашылу матчында америкалық клуб мысырлық «Әл Әхлимен» 0:0 есебімен тең түсті.
2025 жылғы клубтық әлем чемпионаты алғаш рет жаз мезгілінде өтіп жатыр. Биылғы додада 32 команда бақ сынауда. Турнирдің финалы 13 шілдеде өтеді.