«Ойын тең өтті, бірақ жүзеге асыру ақсап қалды»: Виктор Кумыков Қазақстанның Уэльстен жеңілісі туралы
«Қайсардың» бас бапкері Виктор Кумыков Sports24.KZ порталына берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан құрамасының Уэльс командасымен өткен әлем чемпионатының іріктеу матчы жайлы пікірін бөлісті.
— Бүгінгі ойында Қазақстан құрамасының ойын өрнегін қалай сипаттайсыз? Қандай тактикалық жоспар орындалды, ал не іске аспады деп ойлайсыз?
Жалпы алғанда, допты бақылауды есептемегенде, ойын тең өтті. Бапкерлік штаб қандай мақсат қойғанын нақты білмеймін, бірақ қорғаныста сенімді ойнап, жылдам шабуылда немесе стандарттан гол соғуды көздеген сияқты. Алайда жіберілген гол түзетулер енгізуге мәжбүр етті.
— Сол жалғыз гол матч тағдырын шешті. Сіздіңше, ол сәттегі басты қателік жеке ойыншылардан ба, әлде командалық әрекеттен болды ма?
Стандартты жағдайларда қорғаныста сенімсіз ойнадық. Алдымен бұрыштамадан әрең қорғандық. Кейін орынсыз фол болды — ол жерде ереже бұзудың қажеті жоқ еді. Қақпаға доп асырылған сәтте әуедегі күресті ұтқыздық, ал қайтқан допта шабуылшымен ойынды соңына дейін жалғастырмадық. Бұл – шешуші қателіктер.
— Уэльс қорғанысы өте ұйымшыл көрінді. Біздің команда шабуылда қандай қиындықтарға тап болды және мұндай қорғанысты бұзу үшін не жетпеді?
Қазақстан құрамасының жеткілікті сәттері болды, мұндай матчтарда бұдан артық болмайды да. Бірақ гол соғудағы жүзеге асыру ақсап қалды.
— Осы ойында Қазақстан құрамасынан кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?
Үш ойыншыны атар едім: Ғалымжан Кенжебек, Нұралы Әліп және екінші таймда алаңға шыққан Ислам Чесноков.
— Әли Әлиев бас бапкер болып келгеннен кейін команданың ойынында өзгерістер байқалады. Қай бағытта ілгерілеу бар деп санайсыз және ол бүгінгі ойында қаншалықты көрінді?
Команда үш орталық қорғаушымен жаңа модельге өтті, жаңа ойыншылар қосылды. Меніңше, құрамамыз көбірек сәттер жасай бастады. Бірақ әзірге нәтиже бермей тұр. Әлі уақыт қажет сияқты.
— Егер екі команданың ойынын салыстырсақ, Уэльс қай жағынан басым болды, ал біздің жігіттер қай тұста қарсыластан кем түспеді?
Уэльс сапында халықаралық тәжірибесі мол ойыншылар бар, олар мықты чемпионаттарда ойнайды. Бұл – олардың басты артықшылығы. Бірақ біздің футболшылар жеңіске деген жігерде де, күресте де кем түспеді, әсіресе екінші таймда.
— Алдағы ойындарды ескерсек, ұлттық құраманың қай қырын жетілдіру аса қажет деп ойлайсыз?
Қорғаныста стандарттарда ойынды жақсарту керек және допты қайтару сәттерінде де. Ал шабуылдағы жүзеге асыруды шешу қиынырақ, бірақ мүмкін болса, алдыңғы шептегі ойыншыларды қайта қарастыруға болады.
Матч 1:0 есебімен Уэльстің жеңісімен аяқталды. ӘЧ-2026 іріктеуіндегі төрт турдан кейін Қазақстан құрамасының еншісінде Лихтенштейнге қарсы ойында ғана алынған 3 ұпай бар.