Горовенко: іріктеу кезеңіндегі мүмкіндіктер аз – жастарды енгізу керек
«Ертіс» клубының спорт директоры Константин Горовенко Sports24.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан мен Уэльс арасындағы матчтан (0:1) алған әсерімен бөлісті.
«Уэльске қарсы ойында біздің мүмкіндіктер, негізінен, жеке шеберлік пен қарсы шабуылдарға негізделді. Кенжебек бәрінен жарқырап көрінді: бәрі қолынан келіп жатқанын сезіп, бастаманы өзіне алды, кейде асыра ойнағаны да болды. Екі сәтте ол допты дұрыс пайдалана алмады, бірақ, тағы да айтамын, шабуылшыдан күтетініміз – соққы мен шабуыл құру.
Қандай жағдайда да ұлттық құрамамыз үшін жанкүйерміз. Бұл жолы жігіттер кемінде бір гол соғуға лайық болды, сондықтан нәтиже әділ емес деп ойлаймын. Тіпті, команда жеңіске жетуге де лайық еді – қауіп төндірді, екі рет доп бағанадан қайтты», – деді маман.
Сондай-ақ, жастар құрамасының бұрынғы бапкері Қазақстанның 2026 жылғы ӘЧ іріктеуіндегі мүмкіндіктері туралы пікір білдірді:
«Бұл іріктеуде үлкен үміт жоқ: өз алаңымызда македондар мен уэльстіктерге жол бердік. Қазір ең бастысы – жасарту бағытын жалғастыру. Бұл – мақсат емес, бірақ жағдай солай қалыптасты. Нәтиже әкелген буын біртіндеп шегінеді, сондықтан жаңа қан қосу керек. Жұмахановты немесе қазіргі жастар құрамасынан біреуді шақырып, оларды келесі іріктеу турнирлерінде қуантатындай дайындау қажет», – деп қосты Горовенко.
Айта кетейік, «Астана-Аренада» Уэльс құрамасы Киффер Мурдың голының арқасында жеңіске жетті. Енді Әли Әлиев шәкірттері топ фавориті – Бельгиямен кездеседі. Бұл ойын 7 қыркүйекте Брюссельде өтеді.