Нұрәлі Әліп Биволмен кездесу туралы айтты: Өте қарапайым, өзіміздің жігіт сияқты
Қазақстан құрамасы мен Санкт-Петербургтің «Зенит» клубының қорғаушысы Нұрәлі Әліп ресейлік боксшы, әлем чемпионы Дмитрий Биволмен кездесуі жайлы айтып берді. Бивол жуырда Ресей кубогының жартылай финалында «Ростовқа» қарсы өткен матчтан кейін «Зениттің» киім ауыстыру бөлмесіне бас сұққан болатын.
Әліптің айтуынша, бұл Биволдың командаға алғаш келуі емес және бұл жолы да ол футболшыларға жағымды әсер қалдырған.
«Ол бізге бірінші рет келіп тұрған жоқ, бұған дейін де матчтарымызға келген. Осы жолы да келіп, жігіттердің бәрімен жақсы, позитивті көңіл-күйде сөйлесті. Алдағы ойындарға сәттілік тіледі. Өте қарапайым, өзіміздің жігіт сияқты», - деді Нұрәлі клубтың баспасөз қызметіне берген сұқбатында.
Футболшы сондай-ақ киім ауыстыру бөлмесінде болған күлкілі сәтті де еске алды.
«Сол күні біреу: «Қазір бұл бөлмеде ең мықты сен емессің» деп айтып жіберді. Меніңше, ол Юра болды. Бәріміз күлдік. Тимощук та қолдап қойды», - деп күлімсірей еске алды ол.
Сондай-ақ, спортшы Биволмен жекпе-жек өткізу мүмкіндігі туралы әзілмен пікір білдірді:
«Спарринг емес шығар, бірақ онымен бірге жаттығуға баруға болар еді».
Айта кетейік, Дмитрий Бивол Нұрәлі Әліпке өз қолғабын сыйға тартуға уәде берген болатын. Биылғы маусымда Әліп «Зенит» сапында 23 матч өткізіп, бір гол мен бір нәтижелі пас берді.