«Монако» әзірге Фатидің «Барселонадағы» келісімшартын сатып алуға асықпайды
«Барселона» клубының вингері Ансу Фати өзін-өзі сенімдірек сезіну үшін жалға «Монакоға» ауысты. Қазірдің өзінде ол монегасктер сапында бес кездесуде алты доп соғып, жақсы нәтиже көрсетуде. Алайда клуб оны сатып алуға қатысты асығыс шешім қабылдауға құлықсыз.
«Монаконың» спорттық директоры Тьяго Скуро клубтың әзірге 11 миллион еуро көлеміндегі клаусуланы іске қосуға ниеті жоқ екенін, ең бастысы – вингерге тұрақты нәтиже көрсетуге мүмкіндік беру екенін айтты.
«Ең маңыздысы – Ансуға ойынға шығуға жағдай жасап, оны «Монако» үшін маңызды әрі тұрақты ойыншы ету. Қазір бизнес жағы маңызды емес. Уақыты келгенде, шешім қабылдаймыз. «Монако» бұл жағдайда ойыншы және «Барселонамен» жасалған келісімнің арқасында қорғалған. Басты мақсат – оның ойыны мен алаңдағы тұрақты болуы», – деді Скуро Mundo Deportivo-ға берген сұхбатында.