«Манчестер Юнайтед» Магуайрға келісімшартты ұзарту үшін шарт қойды
«Манчестер Юнайтед» қорғаушысы Харри Магуайр клубпен келісімшартындағы соңғы жылына қадам басты. Футболшы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін ашық аңғартып жүр, ал клуб оған жаңа келісім ұсынуға дайын. Алайда, клуб өз талабын да алға тартты.
teamTALK мәліметінше, клуб иелері оған қазіргідей немесе жақсарған шарттармен жаңа келісімшарт ұсынуы екіталай, яғни аптасына 190 мың фунт көлемінде жалақы алуы күмәнді, өйткені оның негізгі құрамдағы орны кепілдендірілмеген. Сондықтан, егер Магуайр «Олд Траффордта» қалғысы келсе, жалақысының төмендеуіне келісуге мәжбүр болады.
Бұған дейін 32 жастағы қорғаушыға саудиялық «Аль-Наср» қызығушылық танытып жатқаны хабарланған болатын. Қазіргі таңда бұл клубта Магуайрдың бұрынғы командаласы Криштиану Роналду өнер көрсетеді.