«Мадрид» — «Қайраттың» жейдесінде. Алматылықтар «Реалдан» кейін КПЛ-ға қайта оралды
Қазақстан премьер-лигасының 24-турынан кейінге шегерілген матчта «Қайрат» Алматыда Талдықорғанның «Жетісуын» қабылдап, бес күн бұрын Мадридтің «Реалынан» чемпиондар лигасында ұтылған есеппен — дәл сондай 5:0 есебімен жеңіске жетті.
«Реалдан» ірі жеңілістен кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин бұл ойынға мына құрамды шығарды:
«Қайрат» (Алматы):
Қалмырза, Байбек, Эдмилсон Сантос, Сатпаев, Громыко, Жоржиньо, Қасабулат, Мартынович, Мата, Мрынский, Сорокин.
Өз кезегінде Самат Смақов бастапқы минуттарда келесі ойыншыларды алаңға шығарды:
«Жетісу» (Талдықорған):
Калинов, Есимбеков, Фофанах, Карвот, Рафаэль, Буя Турай, Қашкен, Ковель, Тақұлов, Чочиев, Шмидт.
Алғашқы минуттардан-ақ сары-қаралар көк жейделілерді өз айып алаңында қысып тастады. 8-минутта-ақ трибуналар шаттыққа бөленді, бірақ бірден наразылықпен гуілдеді – төреші VAR-ға жүгінді. Төреші оралып, пенальти белгіледі — трибуналар тағы да жарылды. Дастан Сатпаев голкипер мен допты әр бұрышқа жіберіп, есепті ашты — 1:0. Бұл голдан кейін алаң иелері босаңсыған жоқ – екінші голға ұмтылды: 20-минутта Мрынский оң қапталдан айып алаңына кіріп, қақпа алдына пас берді, ал Жоржиньо допты бос қақпаға салды — 2:0.

«Жетісу» жағынан алғанда, оларда доп мүлде ұсталған жоқ десе де болады. Ең көбі 2-3 пас жасауға мүмкіндік болды, одан кейін доп сары-қараларға өтіп, не алаңнан шығып кетіп жатты. «Реалға» қарсы күрестен кейін, «Қайрат» ойыншылары жетісулықтардың қарсылығын тәжірибемен оңай еңсеріп жатқандай әсер қалдырды.
Тағы бір қауіпті шабуыл – Мартынович оң қанаттан айып алаңына кіріп, қақпаның қиыс бұрышына тартып жіберді – доп қақпа маңдайшасының үстінен өтті. Бірақ көп ұзамай қонақ ойыншылары қақпашыдан допты аластатпақ болып, қарсыласқа допты беріп қойды, ал Жоржиньо бес метрден Калиновты мүлт жібермеді — 3:0.

Тек 35-минутта ғана жетісулықтар қауіпті еркін соққыға ие болды — қақпадан 20 метр қашықтықта. Доп қақпа маңдайшасына бағытталды, бірақ «Реалға» қарсы ойыннан қанаттанған Шерхан Қалмырза допты бұрыштан қайтарды. Айта кету керек, доп қақпаның тура ортасына қарай ұшып бара жатты, дегенмен өте қауіпті сәт болды.
«Қайрат» шабуылды түрлендіріп, сол қапталдан екпіндеді, нәтижесінде Эдмилсон айып алаңының сол шетінен бірден соққы жасап, есепті ұлғайтты — 4:0.
Қатарынан екі сейв — алдымен «Жетісу» легионері Буя Турайдың сол қапталдан соққысын қайтарды, артынша айып соққысынан кейін жетісулық ойыншы баспен допты қақпаға бағыттағанда, Шерхан оны бұрышқа қайтарды, бірақ бұл сәт те офсайд белгіленіп, есепке алынбады.
4:0 есебімен командалар үзіліске кетті.

Екінші таймда командалар алаңға шықпағандай әсер қалдырды. Кемі алғашқы 15 минутта. Екі команда да допты айналдырып қана жүрді. Сары-қаралар гол соғуға ұмтылмағандай, ал көктердің шамасы келмеді. Дегенмен, оң қанатта Буя Турай белсенді ойын көрсетті.

«Қайрат» қарымта шабуылға сүйенді. Осындай бір сәтте Зария қақпа алдына пас берді, бірақ доп алаңдағы барлық ойыншыны айналып өтті.
Үй иелері тағы бір қауіпті қарымта шабуылды 87-минутта жіберіп алды — Сатпаев оң қапталдан тікелей соққы жасап, бірақ доп қақпадан биік кетті (дерлік бір-бірімен бетпе-бет шыққан сәт болды). Келесі шабуылда Калинов алыс бұрышқа бағытталған допты аяғымен қайтарды.
Алайда келесі соққыда Калинов да шарасыз қалды. Ойынға жаңа қосылған 18 жастағы Азамат Тұяебаев 90-минутта Зарияның бұрыштамасынан келген допты баспен дәл бағыттап, «Қайраттың» негізгі құрамындағы алғашқы голын салды.
Нәтижесінде 5:0 — «Қайрат» мадридтік клубқа қарсы нәтижені қайталады. Финалдық ысқырық.

Бұл жеңістен кейін «Қайрат» 55 ұпаймен қайтадан бірінші орынға шықты. «Астана» 53 ұпаймен екінші орынға сырғыды. Чемпиондық тағдырын анықтау үшін екі командаға екі матчтан қалды. Оның бірі — Алматыда соңғы турда өзара өтеді.