Әли Әлиев: Ең бастысы – нәтиже. Бірақ жанкүйердің эмоциясы да біз үшін маңызды
Қазақстан ұлттық футбол құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Sports24.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында Беларусь құрамасына қарсы алдағы матчтағы команданың басты мақсаттарымен бөлісті.
«Ең алдымен біз үшін маңыздысы – нәтиже. Бұл – негізгі міндет. Сонымен қатар, жанкүйерлер ойынды тамашалап, оның сапасынан, футболшылардың жігерінен ләззат алса дейміз. Бапкерлер құрамы да, ойыншылар секілді, сол күні толық дайын әрі барынша жинақы күйде болуға тиіс», – деді Әлиев.
Айта кетейік, 17 сәуір күні Әли Әлиев ресми түрде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде екі ойын өткізіп үлгерді. Бірінші турда команда сырт алаңда Уэльс құрамасынан 1:3 есебімен жеңілді. Алайда екінші ойында Лихтенштейнді 2:0 есебімен сенімді түрде жеңіп, жанкүйерлердің сенімін қайта оралтты.