Әли Әлиев келісімшартқа қол қойылғанын растады. Ол ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкері атанды
Әли Әлиев Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып ресми түрде тағайындалды. Бұл туралы маманның өзі мәлімдеді.
«Иә, мен ресми түрде Қазақстан құрамасының бас бапкерімін. Келісімшарттың егжей-тегжейін айта алмаймын. Құжатпен бірге құпиялылық туралы келісімге де қол қойдым. Кеше келісімшартқа қол қойып, ҚФФ-ке ресми түрде тіркелдім»,- деді Әлиев Tengri Sport сайтына берген сұқбатында.
Әли Әлиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі жорығын бастап кетті. Алғашқы турда команда Уэльс құрамасына сырт алаңда 1:3 есебімен жол берсе, екінші ойында Лихтенштейнді 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем біріншілігіне жолдама алу жолындағы күресті ресми тағайындалған бас бапкердің басқаруымен жалғастырады.