КПЛ-дің жаңа командасы – FIFA-дан мерзімсіз трансферлік тыйым алды
Бірінші лига маусымының қорытындысы бойынша жоғары лигаға үш команда өтті. Олардың бірі FIFA тарапынан күрделі мәселеге тап болды.
Әлемдік футболдың басты ұйымының ресми сайтының мәліметінше, «Ертіс» клубына мерзімсіз трансферлік тыйым салынды (немесе барлық мәселелер шешілгенге дейін). FIFA-ның мұндай қатаң жазасына нақты не себеп болғаны белгісіз, алайда мәселе футболшыларға немесе бапкерлерге қарыздар болуында болуы мүмкін.
Павлодарлық клуб Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 2020 жылы команда қаржылық қиындықтарға байланысты Қазақстан чемпионатының жарысынан шығып қалды. Одан кейін клуб ресми түрде банкрот деп танылды. «Ертіс» 2023 жылы қайта құрылып, Бірінші лига қорытындысы бойынша Қазақстан футболының жоғарғы дивизионына қайта оралды.