Клубсыз ұзақ жүрмеді. Аслан Дарабаев енді Түркістанда өнер көрсетеді
Түркістанның «Тұран» клубы тәжірибелі ойыншымен құрамын күшейтті. Команда 36 жастағы жартылай қорғаушы Аслан Дарабаевпен келісімшартқа отырғанын ресми түрде жариялады.
Бұл Дарабаевтың кәсіби мансабындағы 13-ші клуб болмақ. Ол футболдағы жолын Қарағандының «Шахтерінен» бастап, кейін «Ақтөбе», «Атырау», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Жетісу», «Каспий», «Астана», «Елімай» және «Оқжетпес» клубтарында ойнады. Ағымдағы маусымның бірінші жартысын ол Көкшетаудың «Оқжетпесінде» өткізді. Маусым айында тараптар өзара келісім бойынша еңбек қатынасын үзген болатын.
«Тұранның» баспасөз қызметі жаңадан қосылған ойыншыны таныстыру барысында оның мол тәжірибесіне ерекше тоқталды:
«Аслан Дарабаев - еліміздің бірнеше алдыңғы қатарлы клубтарында өнер көрсеткен, ұлттық құрама сапында талай ойын өткізген білікті футболшы. Оның тәжірибесі командаға тұрақтылық әкеледі деп сенеміз».
Аслан Дарабаев Қазақстан құрамасында 24 матч өткізіп, 1 голдың авторы атанған.
ҚПЛ-2025 маусымының 15 турында кейін «Тұран» турнирлік кестеде 11 ұпаймен 13-орында тұр.