Көкшетаулық аңыз: Досмағамбетов «Оқжетпес» тарихындағы үздік сұрмергендердің қатарына енді
36 жастағы қорғаушы Тимур Досмағамбетов Қазақстан Премьер-лигасында «Оқжетпес» сапындағы голдар саны бойынша клуб тарихындағы екінші бомбардир атанды, деп хабарлайды KazFootball.kz.
Көкшетаулық футбол мектебінің түлегі Премьер-лигадағы алғашқы ойынын 2008 жылдың 17 мамырында «Қайратқа» қарсы өткізді (2:0). Ал алғашқы голын сол жылғы 24 тамызда дәл сол алматылық команданың қақпасына соқты. Қазіргі күнге дейін Тимур «Оқжетпес» құрамында 109 матч өткізіп, 17 рет қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Осы нәтижемен ол клуб тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде Алибек Булешевті басып озып, екінші орынға шықты. Көш басында – 22 голмен Серік Досманбетов.
1992–2025 жылдар аралығындағы «Оқжетпестің» үздік сұрмергендері:
- Серік Досманбетов – 22 гол
- Тимур Досмағамбетов – 17
- Алибек Булешев – 16
- Жасұлан Молдақараев – 15
- Лука Роткович – 13 (31 матч)
- Анатолий Малков – 13 (100 матч)
Жалпы, Досмағамбетов Қазақстан чемпионатында 367 ойын өткізіп, 46 гол соққан. Ол мансабында «Актобе», «Шахтер», «Ордабасы», «Тараз», «Астана», «Тобыл», «Шығыс» және «Оқжетпес» секілді клубтардың намысын қорғады.
Қайрат Нұрдаулетов: Көкшетау футболын одан әрі дамытамыз.