Карло Анчелотти: Чемпиондық әлі де «Барселонаның» қолында
Карло Анчелотти алдағы демалыс күндері өтетін «Эль Класико» Ла Лигадағы чемпиондық тағдырына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтты. Бұл пікірін ол «Реал Мадрид» «Сельтаны» 3:2 есебімен жеңіп, «Барселонадан» төрт ұпайға кейін қалып келе жатқанын еске сала отырып жеткізді.
Матчта алдымен Арда Гүлер есеп ашып, кейін Килиан Мбаппе дубль жасап, «Реал» 3:0 есебімен алға шықты. Алайда «Сельта» соңғы минуттарда екі гол соғып, ойынның аяқталуына дейін шиеленіс тудырды.
Егер «Реал» алдағы турда «Монжуикте» өтетін ойында «Барселонаны» жеңе алса, командалар арасындағы ұпай айырмасы небәрі бірге қысқарады. Ал чемпионаттың соңына дейін үш тур ғана қалды.
– Иә, бізге жеңіс ауадай қажет, – деді Анчелотти матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында. – Бұл ойын бәрін шешпесе де, шешушіге жақын. Егер біз жеңсек, бір ұпай ғана қалып отырамыз. Чемпиондық әлі де «Барселонаның» қолында, бірақ біздің мүмкіндіктеріміз арта түседі.
Айта кетейік, «Барселона» маусымда өткен үш Класиконың барлығында жеңіске жеткен – «Бернабеудегі» 4:0, Суперкубок финалындағы 5:2 және өткен аптадағы Испания Кубогы финалындағы 3:2.
– Өткен аптадағы кездесуде біз жеңіске жақын болдық. Матч өте тартысты өтті. Бізде сенім бар, келесі ойында барымызды саламыз, – деді Анчелотти.
Сонымен қатар бапкер Арда Гүлердің «Сельтаға» қарсы ойынын ерекше атап өтті. Жас футболшы Ла Лигадағы қатарынан екінші ойында гол соғып қана қоймай, нәтижелі пас та берді. Анчелотти Гүлердің «Барселонаға» қарсы старттық құрамға ену мүмкіндігін де жоққа шығармады.
– Қыркүйектегі Арда мен қазіргі Арда – екі түрлі ойыншы. Ол физикалық жағынан да, тактикалық тұрғыда да өсті. Маусым бойы тұрақты жұмыс істеді, әрі қарай да дамитыны анық. Оның негізгі құрамда ойнауға барлық мүмкіндігі бар, – деді Анчелотти.
– Бұған дейін мен оның айналасындағы адамдардың асығыстығына сын айтқанмын. Қазір оларды мақтағым келеді – Арда үлкен еңбек етіп жатыр.