Ескі жараның беті ашылды: «Реал» тарапы «Сельтамен» өтетін матчқа тағайындалған төрешіге наразы
«Реал Мадрид» клубының ресми телеарнасы Ла Лиганың 34-турында «Сельтаға» қарсы өтетін матчқа тағайындалған төрешіге қатысты тағы да сын айтты. Бұл жолы назар ортасына Хесус Хиль Мансано ілікті.
«Реал Мадрид ТВ» арнасы жексенбі күні «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтетін ойын алдында арнайы бейнежазба жариялап, төрешіні ашық сынға алды. Онда Пиоли өткен жылдары дау тудырған жағдайлар еске салынып:
«Бұл — соңғы жылдардағы ең даулы төрешілік оқиғаның басты кейіпкері Хесус Хиль Мансано. Енді ол «Реал» – «Сельта» ойынын жүргізеді», – деп мәлімдеді. Видеода мадридтіктер өздеріне әділетсіз шешімдер шыққан сәттерді көрсетті.
Арна сөз етіп отырған даулы оқиға өткен маусымдағы «Валенсияға» қарсы матчта орын алған. Сол ойында Беллингем жеңіс голын соққанымен, төреші матчты аяқтайтын ысқырығын соғып үлгергенін алға тартып, голды есепке алмады. Беллингем төрешіге қатты наразылық білдіріп, қызыл қағаз алды. Мансано өз есебінде:
«Ойыннан кейін алаңда маған қарай агрессивті түрде жүгіріп келіп, бірнеше рет “Бұл — лағнет гол!” деп айқайлады», – деп жазды. Нәтижесінде Беллингем екі матчқа шеттетілді.
Осы жанжалдан кейін Мансано біраз уақыт ойындарға жіберілмеді. Бірақ кейін қайта шақырылып, «Реалдың» матчтарын үш рет басқарды: екі рет Ла Лигада және бір рет Суперкубок финалында. Жалпы ол мадридтіктердің 52 ойынын жүргізіп, 40 жеңіс, 6 тең ойын және 6 жеңіліске куә болды. Енді ол «Бернабеуге» 2 жылдан соң алғаш рет қайта оралады.
Сонымен қатар, «Реал Мадрид ТВ» бұл матчтың ВАР жүйесіне жауапты Эрнандес Маэсоға да жеке бейнематериал арнады. Онда бұл төреші бұған дейін «Реалдың» пайдасына пенальти бермеген, голдарын жоққа шығарған және қарсыластардың ойыншыларын алаңнан қумаған жағдайлар егжей-тегжейлі көрсетілді.