Қызылжар құрамында өзгеріс: қос легионермен қоштасып, жаңа үміт күтеміз бе?
Sports24.kz белгілі болғандай, теріскейлік клуб маусым басталғалы сапында болған екі шетелдік ойыншымен қош айтыспақ.
Сөз болып отырған футболшылар - Кот-д’Ивуар елінің өкілдері Абдул Азиз Туре мен Микаэль Као.
Абдул Азиз Қызылжарға Беларусьте өнер көрсеткен «Сморгонь» клубынан ауысып келген еді. Алайда ол Петропавл ұжымының жейдесінде небәрі екі матчқа қатысып, нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады - гол да, ассист те жоқ.
Ал 18 жастағы Микаэль Као үшін «Қызылжар» – кәсіби деңгейдегі алғашқы клуб болатын. Као алаңға небәрі тоғыз минут өнер көрсеткен.
Кетіп жатқан легионерлердің орнына жаңа ойыншылар қарастырылып жатыр. Жуырда клуб сапына «Астананың» бұрынғы ойыншысы Ннамди Аханону қосылды. Бұдан бөлек, нигериялық Раймонд Оламилекан Адеоланың да команданың қатарына қосылуы мүмкін екені хабарланып отыр.
15 турдан кейін Қызылжар турнирлік кестеде 9-орында тұр. Келесі матч 12 шілдеге жоспарланған – бұл күні петропавлдықтар өз алаңында «Тұранмен» кездеседі.