«Хартс»-тың бұрынғы ойыншысы Чесноковқа Шотландияға көшпес бұрын ескерту жасады
«Тобылдың» вингері Ислам Чесноков қысқы трансферлік терезеде шотландиялық «Хартс» клубына ауысуға жақын қалды. Жергілікті клубтың аңыздары Қазақстан құрамасының ойыншысына елге көшер алдында маңызды кеңес берді.
«Хартс» пен Литва құрамасының бұрынғы қорғаушысы Саулюс Миколюнас Шотландияда алаңға салғырт қарауға болмайтынын, әсіресе, «Хибернианмен» өтетін дербиде бар күшіңді салу қажет екенін атап өтті.
«Шотландиядағы футбол — бұл дін, ал Эдинбургта ең құштар, ең үздік жанкүйерлер тұрады. Чесноков білуі керек: ол кез келгенге ұтылуы мүмкін, бірақ тек «Хибернианға» емес. Ол алаңда жанын берсе де, сол дербиде жеңіске жетуі тиіс (күліп). Тағы бір айта кетерлігі — ол жақта симуляцияны ұнатпайды, сондықтан айып алаңында құлатса да, нағыз еркек болып қалу керек», – деді Миколюнас asnews.kz сайтына берген сұхбатында.
Бұған дейін «Тобылдың» тағы бір ойыншысы шетелдік клубтың назарына іліккені хабарланған болатын.