Хамитжанов КФФ-тен кету себебін түсіндіріп, жаңа қызметі жайлы айтты


Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы бас хатшысы Саян Хамитжанов Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалуына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл ұсыныс ведомство басшысы Ербол Мырзабосыновтан түсіп, елдегі футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
– «Маған Қазақстандағы футболды дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру бойынша Туризм және спорт министрінің кеңесшісі болу ұсынысы түсті. Осыған байланысты КФФ бас хатшысы қызметінен кетіп, жаңа бағытыма толықтай көңіл бөлу туралы шешім қабылдадым. Қазақстан футбол федерациясына алдағы уақытта да тек алға басып, барлық жоспарларын сәтті жүзеге асыруды тілеймін», – деп келтіреді Хамитжановтың сөзін Telegram-арна «Серый Кардинал».
31 наурыз күні Хамитжанов КФФ-тегі қызметін ресми түрде аяқтады. Ол бұған дейін де 2008-2012 жылдары Федерацияның бас хатшысы қызметін атқарған, ал 2012-2014 жылдары вице-президент лауазымында жұмыс істеген. 2024 жылдың соңында Атқару комитетінің шешімімен КФФ бас хатшысы болып қайта тағайындалған еді.
Енді Хамитжанов Қазақстан футболының дамуына жаңа мәртебеде, Туризм және спорт министрлігімен тығыз байланыста үлес қоспақ.

Футбол
Бүгін 06:03
