Германия жастар құрамасы Францияны ойсырата жеңіп, финалға жолдама алды
25-нен 26 маусымға қараған түні Германияның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалында Францияны тас-талқан етіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Ойын немістердің қарқынды шабуылымен басталды. 8-минутта Нельсон Вайпер есеп ашса, араға алты минут салып, Ник Вольтемаде таблодағы көрсеткішті еселеді. Франция шабуыл ұйымдастыруға талпынғанмен, Германия қорғанысын бұза алмады. Қосымша уақытта Браян Груда қарсыластардың үмітін біржола үзді - 90+3 минутта үшінші гол соғылды.
Еуропа чемпионаты (U-21). Жартылай финал
Германия (U-21) — Франция (U-21) — 3:0 (2:0)
Голдар: Вайпер, 8; Вольтемаде, 14; Груда, 90+3.
Бұл жеңіс Германия құрамасын финалға шығарды. Енді 29 маусымда олар Англиямен шешуші матч өткізеді. Екі алып ұжымның текетіресі Еуро-2025 турнирінің шарықтау шегі болатыны сөзсіз.