Флориан Вирц «Ливерпульге» ауысты – рекордтық трансфер жүзеге асты
Германия құрамасының және леверкузендік «Байер» командасының жартылай қорғаушысы Флориан Вирц ағылшынның «Ливерпуль» клубына ауысу алдында медициналық тексеруден сәтті өтті.
Бұл туралы футбол инсайдері Фабрицио Романо әлеуметтік желі X (бұрынғы Twitter) парақшасында хабарлады.
Оның мәліметінше, 22 жастағы футболшы 2030 жылдың маусымына дейін есептелген ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойып жатыр. Бұл келісім Вирцті «Ливерпульдің» тарихындағы ең қымбат трансферге айналдырмақ.
Келісімнің жалпы құны әсерлі: негізгі сома – 117 миллион еуро, ал бонус түріндегі төлемдермен бірге ол 135,7 миллион еуроға дейін өсуі мүмкін.
Өткен маусымда Вирц Германия чемпионатында 31 матч өткізіп, 10 гол соқты және 12 нәтижелі пас берді. Еурокубоктарда да ол көзге түсті – 9 ойында 6 гол және 1 ассист тіркеді.