«Еуропалық күз бізге бұйырмады». Бабаян «Астананың» сәтсіздігін түсіндірді
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Лозаннаға» қарсы матчтан кейін эмоцияға толы пікір білдірді. Бұл кездесу астаналық клуб үшін биылғы еурокубоктық маусымдағы соңғы ойын болды. Маманның айтуынша, команда алаңға нақты жоспармен шығып, алғашқы минуттардан бастап өз ойын мәнерін қарсыласқа таңуға тырысқан, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Біз ойын басталысымен-ақ қысым көрсетуге ұмтылдық. Бір-екі сәтте тіпті пенальти белгілеуге болатын еді. Соққылар көп болмағанымен, біз қалаған футболымызды көрсеттік. Біз үшін алғашқы жарты сағатта жылдам гол соғу өте маңызды болды, өйткені бүкіл матч бойы мұндай қарқында ойнау мүмкін емес еді»,– деді Бабаян.
Алайда, бапкер атап өткендей, екінші таймда қорғаныстағы қателіктер мен нәтижені құтқару үшін барған тәуекел шешуші рөл атқарды.
«Екінші таймда өтпелі сәтте қателік кетті. Біз барлық күшімізбен алға ұмтылғанда, қарсылас қарымта шабуылда ұстап қалды. Қарсыластың төрт шабуылшысын жеке-жеке тоқтату мүмкін еместігін білдік, оларға бос кеңістік беруге болмайды, міндетті түрде сақтандыру қажет. Ол жақта «Арсенал» мен «Ренн» секілді клубтарда ойнаған, қымбат бағаланатын ойыншылар бар. Екінші голдан кейін ойынға қайта оралу өте қиын болды, қарсылас бізден күштірек болды. Өкінішке қарай, биылғы еуропалық күз бізсіз өтеді», – деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, 8 тамызда Астанада өткен матчта «Астана» «Лозаннаға» 0:2 есебімен жол берді. Қос кездесудің қорытындысы бойынша швейцариялық клуб 5:1 есебімен жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды.