Ермұхамед Мәулен: Әли Әлиев Қазақстан құрамасын қайта басқарады
Бүгін, 8 желтоқсан, Астана уақытымен 20:30-да YouTube-арнасында Sports24.kz жаңа «А2» подкастының алғашқы шығарылымы жарық көреді. Жобаның жүргізушілері — Әділ Саптаев пен Ануар Абдрахманов.
Алғашқы қонақтар қатарында футбол сарапшылары Ермұхамед Мәулен мен Қанат Базылхан болды. Эфир барысында Мәулен Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Әли Әлиевтің болашақта ұлттық команданы қайта басқаратынын атап өтті.
«Қазақстанда бапкерлерді саусақпен санауға болады. Бар болғаны төрт-бес адам ғана. Олардың барлығы кезек-кезек ұлттық құрамамен жұмыс істейтін болады. Әли Әлиев үш-төрт жылдан кейін құраманы қайта басқарады — мен бұған кепілдік беремін. Қайрат Нұрдәулетов міндетті түрде бас бапкер болады. Карпович бұрын жұмыс істеді, бірақ ол да әлі оралады. Ферапонтов та елдің басты командасын басқаруға мүмкіндік алады», — деді Мәулен.
Еске салсақ, Әли Әлиев 2025 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған. Ол командаға 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарда жетекшілік етті. Оның басшылығымен құрама бес кездесу өткізіп, бір ғана жеңіске — Лихтенштейнге қарсы (2:0) қол жеткізді. Брюссельде Бельгиядан ауыр сырт алаңдағы жеңілістен кейін (0:6) Әлиев бас бапкер қызметінен кетті.