Эль-Класико алдында соғыс басталды! «Реал» төрешілерді қатаң сынға алды
«Реал Мадрид» клубының телеарнасы «Барселонаға» қарсы Эль-Класико қарсаңында төрешілікке қатаң сын айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мадридтік клуб өкілдері даулы төрешілік шешімдеріне алаңдайтынын және испан футболындағы ең маңызды матчтардың бірінде бейтарап төрешілікке сенбейтінін ашық аңғартты.
«Мұның қарапайым матч болмайтынын бәрі көрсетіп тұр. Біз неге үміт арта аламыз? Бас төреші бұған дейін бізге қарсы шағым түсірген, ал VAR төрешісі Карлос Ромеро Килиан Мбаппеге қарсы өрескел ереже бұзған оқиғаға қатысы болған», — деп мәлімдеді «Реал Мадрид» телеарнасы эфирде.
Сын мұнымен шектелмеді. Телеарна «корольдік клуб» жанкүйерлерінің төрешілік шешімдеріне сенбейтінін атап өтіп, бұл мәселеде Испанияның екі алпауыт клубының ұстанымдары бір-біріне мүлде қарама-қайшы екенін алға тартты.
Мұндай мәлімдемелер «Реал» мен «Барселона» арасындағы кезекті текетірес қарсаңындағы шиеленісті одан әрі күшейтті. Каталония астанасында өтетін матч Қазақстан уақытымен 01:00-де басталады. Бұған дейін клубтар Эль-Класикоға арналған негізгі құрамдарын жариялады.