Джуд Беллингемге сәтті ота жасалды: «Реал» мен Англия құрамасы өз көшбасшысынан қанша уақытқа айырылды?
Мадридтік «Реал» мен Англия құрамасының ойыншысы Джуд Беллингем сол жақ иығындағы созылмалы жарақатына байланысты ота жасатты. Бұл шешім клубтар арасындаүы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін, футболшы мен медициналық штабтың бірлескен келісімімен қабылданған болатын. Естеріңізге сала кетейік, сол турнирде «Реал» үшінші орынды иеленген еді.
Клубтың ресми мәліметіне сүйенсек, Беллингемге иық сүйегінің үнемі қайталанатын шығу диагнозымен ота жасалған. Хирургиялық араласуды докторлар Мануэль Льесес пен Эндрю Уоллес «Реалдың» медициналық қызметкерлерінің бақылауымен жүргізді. Қазіргі таңда футболшы оңалту кезеңін бастап кетті. Дәрігерлердің болжамынша, қалпына келу мерзімі үш-төрт айды құрауы мүмкін. Осы аралықта Беллингем кем дегенде он ресми матчты, сондай-ақ Англия құрамасының қыркүйек пен қазан айындағы ойындарына қатыса алмайды.
Айта кетейік, бұл жарақат Джудты 2023 жылдың қарашасынан бері мазалап келеді. Сол уақытта иығы алғаш рет шығып, ауырсыну сезіміне қарамастан, футболшы отадан бас тартып, ойындарын жалғастырған болатын. Соңғы сегіз айда ол шамамен 100 матч өткізіп, арнайы таңғышпен алаңға шықты. Беллингем жақында берген сұқбатының бірінде «Шыдаудан шаршадым» деп, денсаулығына назар аударатын сәт жеткенін мойындаған еді.