Джейми Варди Дастан Сәтпаевтың командаласы атанды
Ағылшын шабуылшысы Джейми Варди мансабын «Бернлиде» жалғастырады. 39 жастағы форвард қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаевтың командаласы атанды, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Бернли» шабуыл шебін атақты футболшымен күшейтті.
Команданың жаңа ойыншысы — «Лестердің» аңызы әрі соңғы жылдардағы ағылшын футболының ең танымал шабуылшыларының бірі Джейми Варди. 39 жастағы форвард клубпен маусым соңына дейін келісімшартқа отырды.
Енді Варди 18 жастағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевпен бір командада өнер көрсетеді.
Вардидің трансфері тек «Бернли» үшін ғана емес, Сәтпаевтың өзі үшін де маңызды оқиға болуы мүмкін.
Қазақстандық форвард Англиядағы алғашқы маусымын өткізіп, Чемпионшип талаптарына бейімделіп жатыр. Варди секілді тәжірибелі шабуылшымен бірге жұмыс істеу Дастанға ағылшын футболының ерекшеліктерін тезірек түсінуге көмектесуі мүмкін.
Өткен маусымды Джейми Варди италиялық «Кремонезе» сапында өткізді.
А сериясында ағылшын форварды жеті гол соқты. Жасына қарамастан, Варди нәтижелі ойыншы болып қала береді және тәжірибесі, допсыз қозғалысы мен айып алаңында дұрыс позиция таңдай білуінің арқасында командасына пайдасын тигізе алады.
Джейми Варди үшін Чемпионшип жаңа турнир емес.
Шабуылшы мансабында бұл дивизионда 98 матч өткізіп, 38 гол соқты және 16 нәтижелі пас берді.
Сонымен қатар Варди «Лестермен» бірге Чемпионшипті екі рет — 2014 және 2024 жылдары жеңіп алған. Бұл тәжірибе маусымды сәтсіз бастағаннан кейін жағдайын түзетуге тырысып жатқан «Бернли» үшін ерекше маңызды болуы мүмкін.