ДЕРЕККӨЗ. Тағыберген абыройынан айырылуда. Ордабасыға енді ұлттық құрама капитаны қажет емес пе?
Қазақстан ұлттық құрамасы мен “Ордабасы” клубының капитаны Асхат Тағыберген командадан кетуі мүмкін. “Тотальный футбол KZ” телеграм-арнасының мәліметінше, клуб басшылығы 34 жастағы жартылай қорғаушымен қош айтысуды жоспарлап отыр, алайда оның жоғары қаржылық талаптары бұл процеске кедергі келтіруде.
Басылымның хабарлауынша, Тағыберген өзінің физикалық әлеуетін толық сарқыған, ал оның қазіргі ойыны жиі қателіктер мен баяулықпен ерекшеленеді. Кезінде команданың көшбасшысы болған ойыншы бүгінде бұрынғыдай нәтиже көрсете алмауда.
Ресми ақпарат жарияланбағанымен, Тағыбергеннің айлық табысы 15 миллион теңгеден асады деген қауесеттер бар. Дәл осы қаржылық талаптары оны басқа клубтарға ауысу мүмкіндігін қиындатуда.
Асхат Тағыберген “Ордабасыға” 2023 жылы қосылып, сол маусымда командаға Қазақстан чемпионы атануға көмектесті. Сонымен қатар, Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Дания қақпасына соққан ғажайып голының арқасында ФИФА-ның Ференц Пушкаш сыйлығына ұсынылған болатын.
ҚПЛ-2024 маусымында жартылай қорғаушы 24 матчта өнер көрсетіп, 2 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген. Алайда, ҚПЛ-2025 маусымында ол тек 2 ойын өткізді және нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ.
Маусымның басынан бері “Ордабасы” өз ойын деңгейін көрсете алмай келеді. Клуб ҚПЛ турнирлік кестесінде соңғы орында тұр және тек 1 ұпай жинаған. Бұл жағдай басшылықтың команда құрамын жаңартуға ұмтылып жатқанын көрсетуі мүмкін, ал Тағыбергеннің болашағы осы шешімдерге байланысты болады.