Чемпиондар лигасының алғашқы туры аяқталды: «Бавария» мен МЮ қарсыластарын ойсырата жеңді
2026/27 жылғы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы тур мәресіне жетті. Соңғы ойын күні бірнеше ірі есеп тіркеліп, барлық кездесулер аяқталғаннан кейін турнир кестесінің алғашқы көшбасшылары анықталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кештің басты оқиғаларының бірі – «Манчестер Юнайтедтің» Чемпиондар лигасына қайта оралуы болды. 2023/24 маусымынан бері Еуропаның басты клубтық додасында өнер көрсетпеген ағылшын командасы «Олд Траффордта» Әзербайжанның «Сабахын» 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
«Сабах» қақпасын қазақстандық Стас Покатилов қорғап, кездесуді толық өткізді. Ірі жеңілістен кейін Әзербайжан клубы жалпы турнир кестесінде 34-орынға жайғасты.
«Бавария» бұдан да ірі есеппен жеңіске жетті. Мюнхендік клуб «Буде-Глимт» қақпасына жауапсыз бес гол соқты. Джамал Мусиала, Гарри Кейн және Альфонсо Дэвис бір-бір рет мергендік танытса, Майкл Олисе дубль авторы атанды.
Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі «Комоның» дебюті де сәтті өтті. Италиялық клуб өз алаңында «Лейпцигті» 4:1 есебімен тас-талқан етті. Жеңімпаздар сапында Мартин Батурина, Анастасиос Дувикас, Ассане Диао және Максимо Перроне гол соқты.
Соңғы ойын күнінің басқа кездесулерінде ПСВ мен «Шахтер» 1:1 есебімен тең түсті. «Фенербахче» мен «Рома» арасындағы матч та дәл осындай нәтижемен аяқталды. Ал «Ланс» сырт алаңда Праганың «Славиясын» 3:2 есебімен жеңді.
Бірінші турдан кейінгі турнир кестесі
Алғашқы турдың қорытындысы бойынша «Слованды» 6:1 есебімен разгромға ұшыратқан ПСЖ көш бастады. Доп айырмасы +5 болған «Бавария» екінші орында тұр. Одан кейін «Барселона», «Манчестер Юнайтед» және «Комо» орналасқан.
Жалпы кезең қорытындысында 1-8 орын алған командалар тікелей 1/8 финалға жолдама алады. Ал 9-24 орындардағы клубтар плей-офф кезеңіне шығу үшін өтпелі матчтар өткізеді.
Бірінші турдан кейін «Рома» 17-орында, «Шахтер» 18-сатыда, ал ПСВ 20-орында тұр. Стас Покатилов өнер көрсететін «Сабах» турнир кестесінің 34-сатысына жайғасты.