Бақтиердің жарақаты «Бешікташтың» трансферлік саясатын сынға ұшыратты
Қазақстандық жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов бұл жолы Түркия баспасөзінің назарына өз ойынымен емес, «Бешікташ» клубының трансферлік саясатына қатысты сын аясында ілікті.
Клуб президенттігіне үміткер Гюркан Аксой сайлауалды мәлімдемесінде «Бешікташтың» соңғы трансферлерін қатаң сынға алды. Оның пікірінше, клубтың сатып алатын футболшыларға қатысты нақты ұстанымы болуы қажет. Ол мысал ретінде қазақстандық ойыншының жағдайын келтірді.
«Бақтиер Зайнутдинов жай ғана жүгіру кезінде жарақат алды. Ал 35 жастағы Иммобилеге 6 миллион еуро төленді. Клубтың нақты трансферлік стратегиясы болуы тиіс. 30 жастан асқан ойыншыларға ақша жұмсауға болмайды», – деді Аксой Begikad TV арнасына берген сұқбатында.
Бақтиер ақпан айында жарақат алып, содан бері жасыл алаңға шыққан жоқ. Наурыз айында Қазақстан құрамасының жаттығу жиынына келіп, командамен бірге болғанымен, ресми ойындарға қатысқан жоқ. Түркиялық БАҚ мәліметінше, «Бешікташ» басшылығы бірнеше футболшымен, оның ішінде Зайнутдиновпен де қоштасу мүмкіндігін қарастыруда.
Ағымдағы маусымда Бақтиер Зайнутдинов стамбұлдық клуб сапында 12 ойын өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түсті.