«Барселона» Тер Штегенмен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды қарастырып жатыр
«Барселона» 2028 жылдың жазына дейін жасалған келісімге қарамастан, қақпашы Марк-Андре тер Штегенмен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды қарастыруда.
Sport.es сайтының хабарлауынша, клуб ажырасу процесін тездету үшін қақпашыға оның жылдық жалақысына тең соманы төлеуге дайын.
Бұл шешімге тер Штеген мен клуб басшылығының, сондай-ақ бас бапкер Ханс-Дитер Фликтің арасындағы шиеленісті қарым-қатынас себеп болды. Тізедегі жарақатынан айыққан қақпашы Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Интерге» қарсы ойынға қатысуға өтінімге енгізілмегеніне көңілі толмайтынын айтып, Барселонадағы жеке жаттығуларды жөн көріп, команданы Миланға алып барудан бас тартты.
Сонымен қатар, клуб 33 жастағы қақпашының ұзақ уақыт алаңға шықпағаннан кейін дене шынықтыру деңгейінің төмендеуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Сондай-ақ, тер Штегенмен қоштасу команданың жалақысын айтарлықтай азайтады.
Тер Штегеннің өзі бұған дейін оның кетуі мүмкін екендігі туралы ресми хабарлама алмағанын және келесі маусымда Барселонада қалуға ниетті екенін айтқан.
Қазіргі уақытта келіссөздер жүріп жатыр, қақпашының клубтағы болашағына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Тер Штеген каталониялық клубтың жейдесін 2014 жылдан бері киіп келеді. Осы уақыт аралығында ол алты рет Испания чемпионы атанып, дәл осынша мәрте Испания Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар, төрт рет ел Суперкубогын иеленіп, бір рет Чемпиондар лигасында топ жарған.