Азия Чемпиондар лигасы матчында мас болды деп күдікке ілінген төреші жағдайын түсіндірді
Азия Чемпиондар лигасы 2 аясындағы матч кезінде мас болды деп күдікке ілінген төреші Ханна Хаттабқа қатысты оқиға жалғасын тапты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, төрешінің оғаш қылығына жағдайының күрт нашарлауы себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бұған дейін сириялық төреші БАӘ-нің «Әл-Джазира» және Иранның «Гол Гохар» клубтары арасындағы матчтың үзілісінде алмастырылған еді. Бірінші таймда Хаттаб бірнеше даулы шешім қабылдады. Соның бірі — ойын эпизодына қатыспаған «Әл-Джазира» қақпашысына қате түрде сары қағаз көрсетуі.
Осыдан кейін Иран клубының өкілдері төреші мас болуы мүмкін деп күдіктенді. Алайда Оманның спорт журналисі Иса Саидтың мәліметінше, Хаттабтың қандағы қант деңгейі күрт төмендеп, бұл оның зейін қоюына әсер еткен. Төрешінің жағдайы Бразилиядан ұзақ жол жүру салдарынан нашарлаған болуы мүмкін деген болжам бар.
Матчтен кейін төреші медициналық тексеруден өткені, тексеру нәтижесі оның мас болғаны туралы болжамды растамағаны хабарланды.
Хаттабтың өзі де әлеуметтік желіде тағылған айыптарға жауап беріп, жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін ескертті.
«Дін, ақыл мен ар-ождан жала жабуға жол бермейді. Жалған ақпарат таратқан кез келген адамды сотқа беремін», - деп жазды төреші.
Сирияның футбол қауымдастығы Хаттабты қолдап, болған жағдайдың мән-жайын мұқият тексеретінін мәлімдеді. Азия футбол конфедерациясы (АФК) әзірге бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.