locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстандық футболшы «Галатасарайға» ауысуы туралы пікір білдірді

Джан Ходжаоглу түрік гранды бала кезінен сүйікті клубы болғанын мойындады
Қазақстандық футболшы «Галатасарайға» ауысуы туралы пікір білдірді
Қазақстандық футболшы «Галатасарайға» ауысуы туралы пікір білдірді

«Галатасарайдың» жасөспірімдер командасында өнер көрсететін қазақстандық қорғаушы Джан Ходжаоглу түрік клубына ауысуы туралы айтып берді. Футболшы Ыстанбұл командасының матчтарын бала кезінен бақылап жүргенін атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.

Джан Ходжаоглу ASnews.kz сайтына берген сұхбатында «Галатасарайға» ауысқаннан кейінгі эмоциясымен бөлісті.

Қазақстандық футболшы түрік клубының өзі үшін бала кезінен ерекше болғанын мойындады. Ойыншының айтуынша, ол швейцариялық «Сьон» сапында өнер көрсетіп жүрген кезінде де «Галатасарайдың» матчтарын көріп жүрген.

Енді Ходжаоглу бұрын теледидардан тамсана бақылаған футболшылардың клуб жүйесіне қосылды.

«Шынымды айтсам, „Галатасарай“ — менің бала кезден жақсы көретін клубым. Олардың матчтарын үнемі көретінмін, тіпті „Сьонда“ ойнап жүргенімде де. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын, өйткені былтыр ғана теледидардан көріп, тамсанып жүрген футболшылар менің кумирлерім еді, ал қазір олармен аптасына бір рет бірге жаттығамын. Бұл резервтік команда үшін қалыпты тәжірибе», — деді Ходжаоглу.

Оның үздік сәттері түсірілген видеоларды көргеннен кейін «Галатасарай» өкілдері футболшыны қаралымға шақырған. Қазақстандық ойыншы шешуші сәт төртінші жаттығу болғанын, сол күні клуб мамандарына жақсы әсер қалдыра алғанын атап өтті.

Әр жаттығуға клуб төрт скауттан жіберіп, оның әрекеттерін мұқият бақылаған. Соның салдарынан футболшы қосымша қысым сезінген, өйткені әр жаттығудың қаншалықты маңызды екенін түсінген.

Қазақстан жасөспірімдер құрамасындағы өнері де маңызды рөл атқарған.

Трансфер рәсімделген күні Ходжаоглумен бас бапкер мен скаут сөйлескен. Футболшының айтуынша, бапкер оның ойынына Қазақстан U-17 құрамасының жолдастық кездесуінен кейін назар аударған.

Мамандарға әсіресе оның прессингі мен ойын эпизодтарын алдын ала болжай білуі ұнаған.

«Галатасарайдың» скаутинг бөлімінің басшысы да қазақстандық футболшының мықты қырларын атап өтті.

Ходжаоглудың айтуынша, клубта оның 186 сантиметрлік бойына және орталық аймақта допты тартып алу қабілетіне назар аударған. Скауттар оның мықты тірек жартылай қорғаушыға айналу әлеуеті бар деп есептейді.

Сонымен қатар клуб ойыншыны асықтырмай, бейімделуге уақыт беріп отыр.

Ходжаоглу қазіргі басты міндеті — қажетті формаға келу екенін айтты.

Футболшы командамен бірге маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын өткізіп алғандықтан, жеке бапкерлермен жұмыс істеп, қосымша жеке жаттығулар орындайды.

«Маған бабымды жинау үшін бір жарым ай уақыт беріп отыр. Командамен маусым алдындағы жиынды өткізіп алғандықтан, жеке бапкерлердің көмегімен және қосымша жеке жаттығулар арқылы формаға келемін. Одан кейін негізгі құрамнан орын алу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», — деп қосты ол.

Ходжаоглу басқа да жас қазақстандық футболшылармен бір дивизионда өнер көрсетеді.

Түркияның жасөспірімдер чемпионатында «Бешікташ» сапындағы Аламгир Смақов пен «Аланьяспордағы» Диярхан Қарабалинов та ойнайды. Бұл турнирге қазақстандық жанкүйерлердің қызығушылығын арттыра түседі.

Үш турдан кейін «Галатасарайдың» резервтік командасы турнир кестесінде көш бастап тұр.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie