Қазақстан бірінші таймда Фарерлерге қақпаға соққысыз ұтылып жатыр
Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде бірінші таймнан кейін Фарер аралдарына 0:1 есебімен ұтылып жатыр. Ойын 18 қараша күні Хорватияда өтіп жатыр.
Кездесудің алғашқы бөлігіндегі жалғыз голды 28-минутта Кнудсен соқты. Ол командаласының қақпаға бағыттаған добына хоккей таяқшасындай аяғын қойып, допты қақпашы Шайзадаға тосыннан, алыс бұрышқа бағыттады – 1:0.
Ойын әзірге аралдықтардың аздап басымдығымен өтуде: олар тек есепте ғана емес, кейбір статистикалық көрсеткіштерде де біздің құрамадан озық тұр. Мәселен, бұрыштан тебулер бойынша есеп 5:0.
Қазақстан құрамасы әлі қақпаға ғана емес, тіпті жалпы соққы да бағыттаған жоқ. Біздің команда допты көбірек бақылап отыр, бірақ бұл әзірге нәтиже бермей тұр.
Осындай солғын ойынға, турнирлік мотивацияның жоқтығынан бөлек, тағы бір себеп бар. Бүгін Қазақстан құрамасының Фарер аралдарына қарсы матчтағы құрамы толығымен резервтік құраммен шықты.
Алда – екінші тайм. Матч Астана уақытымен 22:00-де басталды, ойын Хорватияның Пула қаласында өтуде.
Бұған дейін ұлттық құрамамыз 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуін аяқтаған болатын, барлығы сегіз ұпай жинады — соның бесеуін соңғы үш ойында Талғат Байсуфиновтің жетекшілігімен иеленді. Іріктеу циклінің соңғы матчында Қазақстан азшылықта жүріп, Бельгиядан ұпай тартып алды, жеңіліссіз сериясын жалғастырды.