Ақтөбеде жаңа стадион құрылысына 6,5 млрд теңге бөлінді
Ақтөбеде футбол стадионының құрылысына 6,5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Sports24.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында еліміз бойынша футболды дамыту және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде берген тапсырмасын орындау аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі резервтен Ақтөбе қаласында жаңа футбол стадионын салуға 6,5 млрд теңге бөлді.
Сыйымдылығы 35 мың көрерменге дейін жететін жаңа заманауи стадион қаланың батыс бөлігінде, аумағы 25 гектар жер телімінде бой көтеріп жатыр. Кешен өңірдегі ең ірі спорт инфрақұрылымы нысандарының біріне айналады. Мұнда жас спортшыларды даярлау да жоспарланған.
Стадион УЕФА-ның 4-деңгей талаптарына сәйкес жобаланған. Бес қабатты спорт ғимаратының жалпы ауданы 80 мың шаршы метрден асады. Нысанда футбол алаңы, көрермендерге арналған трибуналар, командалар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған инфрақұрылым және басқа да қажетті нысандар қарастырылған.
Жобаны үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Үкімет бөлген 6,5 млрд теңге биыл басталған бірінші кезеңге бағытталады. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2028 жылғы қыркүйекке жоспарланған.
Ақтөбедегі қазіргі Орталық стадион 1975 жылдан бері пайдаланылып келеді және шамамен 13 мың көрерменге арналған. Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубының үй матчтарына деген қызығушылық тұрақты түрде жоғары: кейде ойындарға барғысы келетін жанкүйерлер саны арена сыйымдылығынан үш есе асып кетеді. Осыған байланысты жаңа стадионның құрылысы футболдың спорт өмірінде дәстүрлі түрде маңызды орын алатын қаладағы нақты қажеттілікке жауап береді.
Жаңа арена көбірек жанкүйер қабылдауға, халықаралық деңгейдегі матчтарды, сондай-ақ ірі спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.