«Ақтөбе» «Ұлытаумен» болатын ойынды Орталық стадионда өткізеді
Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион Қазақстан чемпионатының 6-туры аясындағы «Ақтөбе» - «Ұлытау» кездесуін өткізуге дайын. Бұл туралы 22 сәуірде Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеше облыс әкімі Асхат Шахаров Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда болып, алдағы кездесуге дайындық барысын бағамдады.
«Әдетте біз Орталық стадиондағы ойындарды мамыр айында бастайтын едік, міне, биыл бір ай ерте матч өткізгелі жатырмыз. Команда алдында үлкен міндеттер тұр. Барлық жағдай жасалды. Дайындықты күшейту керек. Ақтөбе халқы әрқашан өз командасын қолдап келеді. Сіздердің әр ойындарыңыз – жанкүйерлер үшін үлкен оқиға. Сондықтан, бар күш-жігерлеріңізді салып, ел намысын қорғауға дайын болыңыздар. Біз сіздерге сенеміз, әрдайым спортшыларымызға қолдау білдіреміз», – деді әкім.
Облыстық спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов футбол алаңының жабынының сапасына, жанкүйерлерге арналған орындарға, жарықтандыру, дыбыс жүйесі мен қауіпсіздік талаптарына баса назар аударылғанын баяндады.
Әкімдік футбол матчына барлық инфрақұрылым толық дайын деп сендірді. Сонымен қатар, матч кезінде көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті қызметтермен бірлескен іс-шаралар жоспарланған.
«Ақтөбе» өз алаңындағы алғашқы ойындарын қосалқы алаңында өткізді.
Чемпионатта өткен бес ойыннан кейін «қызыл ақшылдар» 10 ұпаймен турнир кестесінде 4-ші орында келеді.