«Астана» тартысты дербиде «Жеңісті» тізе бүктіріп, ҚПЛ-де екінші орынға көтерілді
24 мамыр күні елордалық дерби аясында «Астана» мен «Жеңіс» өзара кездесіп, жанкүйерлерге нағыз футбол шоуын сыйлады. Ойынның бастапқы минуттарынан-ақ тартыс күшейе түсті: 3-минутта Тевзадзе есеп ашып, «Жеңісті» алға шығарды. Алайда араға көп уақыт салмай-ақ Калаица таразы басын теңестірді. Дегенмен бірінші таймның соңына таман Адилиу мергендік танытып, «Жеңісті» қайтадан алға шығарды.
Екінші таймда алаң иелері тізгінді толық өз қолына алды. Алдымен Бейсебеков таразы басын теңестірсе, ойынның соңында Кәрімов пен Астанов бір-бір голдан соғып, «Астанаға» аса маңызды жеңіс сыйлады - 4:2!
ҚПЛ. 10-тур
«Астана» - «Жеңіс» - 4:2 (1:2)
Голдар: Калаица, 14, Бейсебеков, 76, Кәрімов, 88, Астанов, 90 - Тевзадзе, 3, Адилиу, 31.
Осы жеңістен кейін 24 ұпай жинаған «Астана» турнирлік кестеде «Қайраттан» озып, екінші орынға жайғасты. Бірінші орында 25 ұпаймен «Ақтөбе» клубы орналасқан.