Аңыз. Варди Серия A-да «Ювентусқа» гол соқты
38 жастағы ағылшынның Италиядағы екінші голы
Футбол
Данияр Қайратов
Редактор
ФОТО: Getty Images
38 жастағы Джейми Варди Италияның Серия A-дағы екінші голын соқты.
Ағылшын шабуылшысы Италия лигасының 10-турында «Ювентус» қақпасына доп жіберді. «Лестер» аңызы үшін бұл «Кремонезе» сапындағы алты ойында соққан екінші голы.
Алайда, ардагердің голы командасына ұпай әкелген жоқ. Джейми есепті қысқартты, алайда ол кезде «бьянконерри» екі доппен алда тұрған еді. Кездесу 2:1 есебімен «Ювентус» пайдасына аяқталды.
Варди «Кремонезеге» жазда қосылды. Бұған дейін ағылшын шабуылшысы 13 жыл бойы «Лестер» сапында өнер көрсетіп, клубтың аңызына айналды. Ол «түлкілермен» бірге Англия чемпионы және АПЛ-дың үздік сұрмергені атанған.
Айтпақшы, «Аталанта» чемпионатта алғаш рет жеңілді. Серия A-да енді жеңілмеген команда қалмады.