locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«Қайраттың» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтар кестесі белгілі болды

Алматылық клуб Латвия, Грекия, Италия, Швеция, Румыния және Нидерланд өкілдерімен алты кездесу өткізеді
«Қайраттың» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтар кестесі белгілі болды
ФОТО: Қайрат ФК

УЕФА алматылық «Қайраттың» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтар күнтізбесін жариялады. Рафаэль Уразбахтин шәкірттері бұл кезеңде алты түрлі қарсыласпен кездесіп, үш ойынды өз алаңында, тағы үшеуін сырт алаңда өткізеді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Қазақстандық клуб еурокубоктың негізгі кезеңіндегі жорығын 15 қазанда бастайды. Алғашқы турда «Қайрат» Латвияға аттанып, «Ригаға» қонақ болады. Араға бір апта салып, 22 қазанда алматылықтар өз жанкүйерлерінің алдында алғаш рет алаңға шығады. Бұл жолы Алматыға Грекияның «Панатинаикосы» келеді.

Үшінші турда «Қайратты» жалпы кезеңдегі ең қызықты әрі күрделі сапарлардың бірі күтіп тұр. 5 қарашада Уразбахтин командасы Италияға барып, «Аталантамен» кездеседі. Еуропаның жетекші чемпионаттарының бірінде өнер көрсететін клубқа қарсы матч алматылықтар үшін маңызды сынақ болмақ.

Италиядағы кездесуден кейін «Қайрат» Алматыға оралады. 26 қарашада қазақстандық команда Швецияның «Мьельбю» клубын қабылдайды. Одан кейін де алматылықтар өз алаңында ойнайды - 10 желтоқсанда олардың қарсыласы Румынияның «Университатя» Крайова командасы болады.

Жалпы кезеңдегі соңғы кездесу 17 желтоқсанға жоспарланған. «Қайрат» Нидерландқа сапар шегіп, «Твентемен» кездеседі. Осылайша, алматылық клубтың алты турдан тұратын күнтізбесі қарсыластардың деңгейі жағынан да, географиясы тұрғысынан да алуан түрлі болып шықты.

«Қайраттың» Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі матчтар кестесі:

1-тур. 15 қазан
«Рига» - «Қайрат»

2-тур. 22 қазан
«Қайрат» - «Панатинаикос»

3-тур. 5 қараша
«Аталанта» - «Қайрат»

4-тур. 26 қараша
«Қайрат» - «Мьельбю»

5-тур. 10 желтоқсан
«Қайрат» - «Университатя» Крайова

6-тур. 17 желтоқсан
«Твенте» - «Қайрат»

«Қайраттың» биылғы еурокубок маусымындағы жолы Чемпиондар лигасынан басталған еді. Алматылық команда бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, үшінші раундқа дейін жетті. Алайда осы кезеңде жарысты жалғастыру мүмкіндігінен айырылды.

Осыдан кейін Қазақстан өкілі Еуропа лигасына ауысып, турнирдің плей-офф кезеңінде бақ сынады. Бірақ бұл жолы да алматылықтар келесі кезеңге жолдама ала алмады.

Нәтижесінде «Қайрат» еурокубоктағы маусымын Конференциялар лигасында жалғастырады. Енді Уразбахтин командасын желтоқсанның ортасына дейін созылатын алты маңызды кездесу күтіп тұр. Олардың арасында «Аталанта», «Панатинаикос» және «Твентеге» қарсы ойындар ерекше назар аудартады.

Алматылықтар үшін жалпы кезең әртүрлі футбол мектебінің өкілдерімен күш сынасып, Еуропадағы деңгейін тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар үш кездесудің Алматыда өтуі «Қайратқа» өз жанкүйерлерінің қолдауымен қажетті ұпайларды жинап, келесі кезеңге шығу жолындағы күресті соңғы турларға дейін жалғастыруға жақсы мүмкіндік бермек.

Аружан Темірбек
Аружан Темірбек
Редактор
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie