Қайрат Нұрдәулетов: Жуковтың «Ақтөбеге» ауысуы – орынды және дер кезінде жасалған қадам
Қазақстандық жаттықтырушы Қайрат Нұрдәулетов ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Георгий Жуковтың Польшаның «Пуща» клубынан Қазақстанның «Ақтөбе» командасына ауысуына пікір білдірді.
«Жуковтың келуі «Ақтөбеге» жаңа серпін беруі мүмкін. Ол ұжымға қалай сіңісіп, ойыны қаншалықты жылдам жүретіні – уақыттың еншісінде. Бірақ менің ойымша, бұл – дұрыс әрі сапалы трансфер. Қазақстанда ол өз позициясын толықтай жауып береді. Еуропада ойнау қиындау болар еді. Ал ҚПЛ деңгейінде бұл – ең болмаса, дер кезінде жасалған, ойластырылған трансфер», – деді Нұрдәулетов Sport+ басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, 20 маусым күні «Ақтөбе» клубы Жуковпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде хабарлады. Жартылай қорғаушы бұған дейін Польшаның «Пуща», Бельгияның «Льеж», Ресейдің «Урал», Нидерландының «Рода», Польшаның «Висла» және Қытайдың «Цанчжоу» командаларында өнер көрсеткен.
Қазіргі таңда «Ақтөбе» Қазақстан Премьер-лигасында 14 турдан кейін 26 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында тұр.