Георгий Жуков қайтадан ҚПЛ-ге оралды – жартылай қорғаушы «Ақтөбемен» келісімшартқа қол қойды
Қазақстандық жартылай қорғаушы Георгий Жуков ел чемпионатында мансабын жалғастырады – 29 жастағы футболшы «Ақтөбе» клубымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.
Жуков осыған дейін Польшаның «Пуща» командасында ойнаған. 2024 жылдың қаңтарынан бастап 11 матчқа қатысып, гол немесе нәтижелі паспен көзге түспеген. 17 маусым күні оның клубтан еркін агент ретінде кеткені белгілі болды.
Георгий футболшылық жолын Бельгиядағы «Беерсхот» академиясында бастаған. Кейін Еуропа мен Азияның бірнеше елдерінде өнер көрсетіп, «Стандард» (Бельгия), «Урал» (Ресей), «Рода» (Нидерланд), «Висла» (Польша) және Қытайдың «Цанчжоу Майти Лайонс» клубтарында ойнаған.
Қазақстандық жанкүйерлерге ол бұған дейін «Астана» мен алматылық «Қайрат» сапындағы ойындарымен таныс.
Қазіргі таңда «Ақтөбе» Қазақстан премьер-лигасының турнирлік кестесінде 26 ұпаймен үшінші орында келеді және чемпиондық үшін күресті жалғастырып жатыр.