Қайрат Нұрдәулетов «Оқжетпес» бас бапкері қызметінен кетеді
Sports24.kz дерегінше, «Оқжетпестің» бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов осы маусым аяқталған соң өз қызметінен кетеді.
Оның басшылығымен көкшетаулық клуб чемпионаттағы ойындарын тұрақтандыра алмады, бұл басшылық пен жанкүйерлердің наразылығын тудырды.
Нұрдәулетов бапкер болған кезеңде команда бар болғаны екі жеңіске қол жеткізіп, жеті рет жеңіліп, екі ойында тең түсті. Маусымның ең ауыр сәттерінің бірі — Шымкентте өткен Премьер-лиганың 25-турында «Ордабасыдан» 1:7 есебімен жеңілуі болды.
25 матчтан кейін «Оқжетпес» 32 ұпай жинап, Қазақстан чемпионаты кестесінде сегізінші орынға жайғасты.
БАҚ мәліметінше, «Оқжетпестің» бұрынғы бас бапкері Александр Ферапонтов 12-турдағы «Астанаға» қарсы матч қарсаңында орын алған даулы оқиғалардан кейін қызметінен кеткен. Бастапқы ысқырыққа бір сағат қалғанда ол тосыннан құрамға өзгерістер енгізіп, алаңға дебютант қақпашы Данил Подымскийді шығарды, ал негізгі қақпашыны ойынға қоспады. Нәтижесінде көкшетаулықтар 2:5 есебімен жеңіліп, клуб басшылығы Ферапонтовпен қоштасу туралы шешім қабылдады.