Даулы шешім: Андрей Ферапонтов неге «Оқжетпестен» кетті?
Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубы бас бапкер Андрей Ферапонтовпен ресми түрде қош айтысты.
Клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, маман өз қызметінен отбасылық себептерге байланысты кеткен.
Алайда BorodAbata.kz порталы бұл шешімнің шын мәнінде басқа себепке байланысты екенін хабарлайды. Басылым мәліметінше, Ферапонтовтың қызметтен кетуіне 12-турда «Астанаға» қарсы өткен матч алдындағы даулы жағдай себеп болған. Ойын басталардан бір сағат бұрын Ферапонтов тосыннан негізгі қақпашыны қосалқы құрамға отырғызып, орнына дебютант Данил Подымскийді алаңға шығарған. Аталған кездесу «Оқжетпестің» 2:5 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Қазіргі таңда команда Қазақстан чемпионаты аясында 14 матч өткізіп, 21 ұпаймен турнирлік кестеде алтыншы орында тұр.